АЛМАТЫ, 19 наурыз – Sputnik. Ақтөбелік оқушы Аян Қайырбек зорлық-зомбылық жағдайында әйелдерге көмектесе алатын UmaiAsar қосымшасын жасады, деп хабарлайды "Диапазон".
Қосымша тек Android операциялық жүйесінде жұмыс істейтін телефондарға жүктеледі. Тіркелу кезінде үш сенімді нөмірді енгізіп, геолокацияны білуге рұқсат беру керек.
Бұл деректер сервиске төтенше жағдай туындаған кезде адамға көмектесу үшін жеткілікті. Пайдаланушы жақын адамдарына көмек сұрайтын SOS хабарламасын жібере алады және олар адамның орналасқан жерін көреді.
Қосымшаны жасаған кезде Аян 102 немесе 112-ге тікелей хабарлама жіберу үшін ІІМ мен ТЖМ-мен байланысқа шыққан. Алайда бұл функция іске қосылмады.
Автордың айтуынша, мұндай қосымшаны құру идеясы 2020 жылы карантин кезінде пайда болған. Өйткені отбасыларда зорлық-зомбылық жағдайлары жиілеген.
"Мобильді қосымшаны жақсарту үшін сенімді дереккөздерден деректер жинадым. UmaiAsar қосымшасы сенімді адамдармен байланыс орнатуға көмектеседі. Әр секунд маңызды болғандықтан, бір батырманы басу жеткілікті", - дейді Аян.
Қосымшадан сондай-ақ Қазақстандағы дағдарыс орталықтары туралы ақпаратты, заңнамалық-құқықтық базаны және алғашқы медициналық және психологиялық өзіне-өзі көмек көрсету тәсілдерін табуға болады.