Алматыда Баум тоғайынан қару жасырылған орын табылды

Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бүлікшілер екі мылтық, револьвер, пышақ, Калашников автоматының патрондарын, Макаров тапаншасын, гранаталарды, оқ өтпейтін жилет пен полицияның жейдесін жасырған
Sputnik
АЛМАТЫ, 19 наурыз – Sputnik. Алматыда колония қызметкерлері мен криминалдық полиция бірлесіп Баум тоғайынан қару жасырылған орынды тапты, деп хабарлады Polisia.kz.
"Жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу барысында Успенский көшесінен 200 метр қашықтықтағы Баум тоғайынан түрлі оқ-дәрілер сақталған орын табылды. Аталған дерек Түрксіб аудандық полиция басқармасында тіркелді. Тергеу жүріп жатыр", – деді Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/13 мекемесі басшысының орынбасары Шәкір Юнусов.
Полицияның хабарлауынша, қару табылған жерге қаңтардағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан бүлікшілер екі мылтық, револьвер, пышақ, Калашников автоматының патрондарын, Макаров тапаншасын, гранаталарды, оқ өтпейтін жилет пен полицияның жейдесін жасырған.