Қазақстанда импорттық кеден бажы доллармен есепке алынады

Ресей мен Беларуське кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу үшін Ұлттық жөнелтуші банктердің бағамы бойынша Ресей рублі пайдаланылады
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз – Sputnik. Қазақстан Республикасына жиналатын импорттық кеден бажы бұрынғыдай АҚШ долларымен бөлінеді және есепке алынады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта мүше мемлекеттердің бір-бірінің бюджетіне импорттық кедендік баждарды жинау және өзара аудару бойынша міндеттемелері көзделген.
Бұл тетік әрбір мемлекетте біркелкі және мынадай негізгі кезеңдерді қамтиды:
үшінші елдерден келіп түсетін тауарлардан ұлттық валюталарда импорттық баждардың сомаларын жинау;
импорттық баждардың келіп түскен сомаларын белгіленген коэффициенттерге сәйкес бөлу, оны АҚШ долларына айырбастау және оларды кейіннен ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге жіберу.
"Ресей Федерациясына салынған санкцияларға байланысты мүше мемлекеттер кедендік әкелу баждарын Ресей Федерациясы мен Беларуське доллармен аудара алмайды", - делінген хабарламада.
Келіссөздер қорытындысы бойынша қазақстандық нұсқа қолдау тапты: Ресей Федерациясына және Беларусь Республикасына кедендік әкелу баждарын есепке алу және бөлу үшін Ұлттық жөнелтуші банктердің бағамы бойынша Ресей рублі пайдаланылады.
Қазақстан Республикасына, сондай-ақ Армения Республикасына және Қырғыз Республикасына жиналатын импорттық кедендік баждар бұрынғыдай АҚШ долларымен бөлінеді және есепке алынады.