АЛМАТЫ, 18 наурыз – Sputnik. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният кеңселерде, ғимарат ішінде маска тағу талабы қандай жағдайда алынатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазір маусымдық жедел респираторлық вирустық инфекция ушығып тұр. Бұл жыл сайын болатын жағдай. Қазір коронавирус инфекциясы тәулігіне 100 адамнан анықталып жатыр, соған байланысты ашық ауада немесе көшелерде масканы шешу туралы шешім қабылдадық. Ауа арқылы берілетін вирустық инфекциялардың тіркеліп жатқанына байланысты жабық орындарда, соның ішінде кеңселерде маска тағу туралы талапты қалдырдық", - деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Айтуынша, тұмау және ЖРВИ өршитін кезде жыл сайын маска тағу туралы талаптар медицина мекемелері мен оқу орындарында сақталған.
"Қазір әлі де коронавирус инфекциясының тіркелуіне байланысты және алдағы мереке кезінде халықтың көп жолығатынын ескеріп, кеңселерде маска тағуды профилактикалық шара ретінде қолданып отырмыз. Қазір масканы тек ашық ауада тақпауға рұқсат берілген. Қазір орталық, солтүстік аймақтарда күн әлі жылынған жоқ, ЖРВИ мен коронавируспен ауырғандар тіркеліп жатыр. Мұндай жағдайда ғимарат ішінде маска тағу талабы сақталады. Жағдай жақсарған кезде бұл мәселе ведомствоаралық комиссияда қаралады", - деді министр.
Министрдің айтуынша, ол үшін ЖРВИ мен тұмау жұқтыру төмендеуі қажет. Әдетте ЖРВИ-дің өршуі наурыздың аяғына дейін жалғасады.
Сондай-ақ министр елдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты Наурыз мерекесі кезінде ешқандай шектеу шаралары енгізілмейтінін айтты.
Сондай-ақ министрдің айтуынша, шекаралас елдерде тәулік ішінде науқастардың көп тіркелуіне байланысты (Ресейде тәулігіне 34 000 жағдай) және құрлықтағы шекарада қозғалыстың жоғары болуына байланысты көлік жолдарында мемлекеттік шекараны кесіп өту шектеулері сақталды. Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған кезде құрлық шекарасынан өту кезінде шектеулерді алып тастау қарастырылады.
Айта кетері, Қазақстанда наурызда ақпандағы осы кезеңмен салыстырғанда сырқаттану 33 есеге төмендеді. Қазір Қазақстан және барлық өңір коронавирустың тарауы бойынша "жасыл" аймақта тұр.
"Сары" және "жасыл" аймақтардағы барлық нысаннан Ashyq мобильді қосымшасын міндетті түрде қолдану, әлеуметтік қашықтықты сақтау, міндетті термометрия, ашық ауада медициналық маска тағу, COVID-19 инфекциясына қарсы вакцина алмаған қызметкерлерге кеңседе жұмыс істеуді шектеу шаралары алынды.
Сондай-ақ ауру белгілері болмаса пациенттерден, жүкті әйелдерден, науқас баламен бірге медициналық ұйымдарға жатқызылатын адамдардан, жүкті әйелмен бірге босануға қатысатын адамдардан, мерзімді әскери қызметтен кейін әскери қызметтен босатылған адамдардан, ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдарға ұзақ мерзімді кездесуге келетін туыстарынан ПТР сынағы талап етілмейді.