НҰР-СҰЛТАН, 18 наурыз — Sputnik. Жиі жөтелу рефлюкс ауруының белгісі болуы мүмкін, дейді гастроэнтеролог дәрігер, диетолог Нурия Дианова.
Маманның айтуынша, асқазан ауруының белгілері әртүрлі болады.
"Бұл эпигастриядағы түрлі қарқындылықтағы ауырсыну болуы мүмкін. Бұл ауырсынулар басылмайды, күн сайын қайталана береді. Ол тамақ ішкеннен кейін асқазандағы ауырлық сезімі, жиі кекіру түрінде болады. Іштің ауруы ойық жара, гастрит кезінде пайда болады", - деп түсіндірді Дианова "Москва 24" арнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, көп адам мән бермейтін және асқазан ауруымен байланыстырмайтын тағы бір белгі бар. Бұл – жиі жөтелу.
"Кейде жиі жөтелу рефлюкс белгісі болады. Түсінікті тілмен айтқанда, асқазандағы астың жоғарыға қарай көтерілуі. Бұл асқазан, өңеш жұмысында проблема бар екенін білдіреді. Бірақ оның симптомы созылмалы фарингиттікіндей болуы мүмкін", - деп түсіндірді диетолог Нурия Дианова.
Қыжыл да асқазан ауруының белгісі бола алады. Дәрігердің пікірінше, диагноз қою кезінде тек осы симптомға негізделуге болмайды.
"Қыжыл инфарктіге ұқсауы да, ұқсамауы да мүмкін. Сондықтан егде жастағы адамдарда кеуде тұсында күйдіру сезімі болса, бұл инфаркт белгісі, стенокардия, гастрит немесе рефлюкс патологиясы екенін анықтау үшін диагностикадан өту керек" – деп нақтылады маман.
Гастроэнтерологтың айтуынша, асқазандағы ауырлық сезімі міндетті түрде асқазан-ішек жолдарының ауруы белгісі бола бермейді. Ол жоғары эмоциялық күйден туындаған функционалды диспепсия болуы мүмкін.