Әлем

Украинадағы қақтығыс кедей елдерде ашаршылық пен тәртіпсіздікке әкелуі мүмкін – БҰҰ

Құжатта дамушы елдер бағаның өсуінен көп зардап шегетіні айтылған
Sputnik
АЛМАТЫ, 17 наурыз – Sputnik. Украинадағы жағдайға байланысты азық-түлік пен жанармай бағасының өсуі әлемдік экономиканың жағдайын нашарлатады. Салдарынан ең кедей елдерде азаматтық тәртіпсіздіктерге әкелуі мүмкін, деп хабарлайды РИА Новости БҰҰ Сауда және даму мәселесі бойынша өткен конференциясындағы баяндамаға сілтеме жасап.
Құжатта дамушы елдер бағаның өсуінен көп зардап шегетіні айтылған.
"ЮНКТАД-тың Украинадағы соғыстың сауда мен дамуға әсерін жедел бағалауының қорытындысына сәйкес, азық-түлік, отын және тыңайтқыштар бағасының өсуі әлемдік экономика дамуының нашарлауына әкеледі", - делінген құжатта.
16 наурызда жарияланған баяндамада бағаның өсуі тұрақты дамуды тежеп, коронавирус пандемиясынан кейін қалпына келтірілген жетістіктерді жоятыны айтылған. ЮНКТАД сарапшылары азық-түлік пен жанармайға қатысты жағдайға алаңдаушылық білдірді. Өйткені олардың бағасының күрт өсуі дамушы елдердегі халықтың тұрмысы төмен топтарына әсер етеді, бұл аштыққа әкелуі мүмкін.
"Украина мен Ресей аграрлық азық-түлік нарығында елеулі орын алады, оларға күнбағыс майы мен дән саудасының 53%-і және бидайдың әлемдік саудасының 27%-і тиесілі. Бұл тез дамып келе жатқан жағдай дамушы елдерде ерекше алаңдаушылық тудырады. Африканың шамамен 26 елі, оның ішінде кейбір аз дамыған елдер, екі соғысушы елден бидайдың үштен бір бөлігін импорттайды. 17 ел үшін бұл үлес импорттың жартысынан астамын құрайды", - делінген құжатта.
ЮНКТАД есебіне сәйкес, орта есеппен ең кедей елдерде азық-түліктің 5%-тен астамы импортталады, олардың бағасы көтерілуі мүмкін. Ал бай елдер үшін бұл үлес 1%-тен аспайды. Осыған байланысты ЮНКТАД Covid-19 пандемиясынан зардап шеккен ең кедей елдерде азаматтық толқулар, азық-түлік тапшылығы болуы мүмкін екенін болжады.
Айта кетері, Ресей Украинада әскери операцияны 24 ақпанда бастады.