Үш жаңа облыс құрылады – президент жолдауы

Президент Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады
Sputnik
АЛМАТЫ, 16 наурыз – Sputnik. Семей аймағында Абай облысы, бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы құрылады. Сондай-ақ Алматы облысының қазіргі территориясы екіге бөлініп, екі облыс болмақ. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ең алдымен Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз", - деді президент халыққа жолдауында.
Сондай-ақ бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы құрылады.
"Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек", - деді Тоқаев.
Осылайша Ұлытау аймағының дамуына жол ашылады.
Президенттің айтуынша, Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені Талдықорғанда отырып шешу оңай емес.
"Алматы облысының орталығына бару үшін халықтың босқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады", - деді мемлекет басшысы.
Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді.
Сондай-ақ президент Қапшағайға Қонаевтың есімін беру туралы ұсынысты қолдайтынын айтты.
"Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын", - деді Тоқаев.