Қаңтар оқиғасы

"Кейбір ықпалды адамдарға ұнамады": Тоқаев қаңтар оқиғасын тергеу нәтижесін жариялады

Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы бойынша тергеудің алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік, түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі", - деді Тоқаев парламенттің бірлескен отырысында.
Оның айтуынша, сол үшін қылмыскерлер, қарулы бандалар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрған.
"Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты", - деп атап өтті ол.
Президенттің айтуынша, лаңкестер мемлекеттік органдар мен стратегиялық нысандарға шабуыл жасады. Ал билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты.
"Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді", - деді Тоқаев.
Осы орайда президент "іштен шыққан жау жаман" деген сөзді еске алды.
"Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды. Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар. Олар күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді", - деді президент.
"Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа да байланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін ойларына келген барлық тәсілді қолданды", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.