Экономика

Тоқаев ЕАЭО-ға қатысты құжатқа қол қойды

Хаттама 2019 жылы 29 мамырда ЕАЭО-ның Жоғарғы кеңесінде рәсімделген болатын
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "2014 жылдың 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бөлігінде) өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Хаттама 2019 жылы 29 мамырда ЕАЭО-ның Жоғарғы кеңесінде рәсімделген болатын. Осы құжатта одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеу қағидасы, сондай-ақ, ортақ электр энергетикалық нарығын басқару және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі ереже көрсетілген.
Бұған дейін энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов ортақ энергетикалық нарық құрылса да, әрбір елдің энергетикалық нарықтар сақталады. Ал ортақ нарықтағы сауда әділ және тең дәрежеде жүргізіледі. Электр энергиясын мемлекетаралық беруді жүзеге асыру бойынша арнайы ереже де белгіленді.
Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар:
электр энергиясын сатуды және сатып алуды жүзеге асыратын және ішкі көтерме сауда электр энергетикалық нарықтарының субъектілері болып табылатын заңды тұлғалар;
мемлекетаралық электр беру желілері арқылы шектес мүше мемлекеттен "тұйық схема" бойынша электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес электр энергиясының нақты сальдо-ағындарының жоспарлы мәндерден сағаттық ауытқуларын реттеуге уәкілетті заңды тұлғалар.
"Ортақ нарықты құру арқылы шаруашылық субъектілеріне рәсімделген келісімшарттар бойынша электр энергиясының саудасын жүргізуге жол ашады", - деді Нұрмағанбетов сенаттың жалпы отырысында.
Сол кезде сенат депутаты Рысқали Әбдікеров электр энергиясы тапшылығы мәселесін қозғап, Қазақстанда өндірілетін электр энергиясы Орталық Азияның энергетикалық жүйесі арқылы Өзбекстан мен Қырғызстанға қалай сатылатынын сұраған.
Энергетика вице-министрінің айтуынша, алдыңғы жылдары Қазақстан Өзбекстанға 1 миллиард кВт/сағ дейін электр энергиясын сатып отырған. Алайда 2021 жылы Қазақстан майнингтік фермалардың кесірінен қиындыққа тап болды. Сол себепті Өзбекстанға экспорт тоқтап қалған.
"Ал Қырғызстанға мемлекетаралық келісім бойынша біз қыс және күз айларында электр энергиясын жібереміз. Өз тарапынан қырғыз бауырларымыз бізге көктемде және жазда су жібереді", - деп жауап берді Нұрмағанбетов.
Айтуынша, екі ел үкіметтері арасында бекітілген шартқа сәйкес Қазақстан 900 миллион кВт/сағ электр энергиясын Қырғызстанға экспорттады. Қырғызстан мұны үш жылда 300 миллион кВт/сағ-тан, яғни 300 миллион текше су көлемінде Қазақстанға қайтарады, деді вице-министр.