Оқиға

Суицид жасаған шымкенттіктен жауап алынған жоқ - жемқорлыққа қарсы агенттік

25 қаңтарда "өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған
Sputnik
АЛМАТЫ, 16 наурыз – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ведомство суицид жасаған Шымкент тұрғынынан жауап алғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін Шымкент қаласының тұрғыны Гүлжаухар Сапарбекова күйеуі Нұртай Сапарбеков сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жауап алғаннан кейін өзіне қол салғаны туралы мәлімдеді. Оқиға қаңтардың орта кезінде болды. Бұл туралы жергілікті Otyrar.kz порталында жарияланды.
Әйел күйеуінің салық саласында жұмыс істегенін айтты. Алайда қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

"Мемлекеттік кірістер комитеті Нұртай Сапарбековтің мемлекеттік кіріс органдарының қызметкері болмағанын хабарлайды", - делінген салық органының хабарламасында.

Содан кейін бұл ақпаратқа қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі пікір білдірді.
"Кейбір БАҚ-та, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жауап алғаннан кейін салық инспекциясының қызметкері Нұртай Сапарбеков суицид жасады деген ақпарат тарап жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің іс жүргізуінде осы азаматқа қатысты қылмыстық іс болмағанын хабарлаймыз", - делінген агенттік таратқан ақпаратта.
Айта кетері, 25 қаңтарда Шымкент қаласының құқыққорғау органдары "өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
"25 қаңтарда Абай полиция басқармасының 102 пультіне жергілікті тұрғын өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Суицид фактісі Қылмыстық кодекстің 105-бабы ("өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде тіркелді. Сараптама тағайындалды", - деді Шымкент қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.
Полицейлер барлық қажетті тергеу әрекетін жүргізді. Қорытынды процессуалдық шешім қабылдау үшін іс 18 ақпанда Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне жолданды.
Шымкент тұрғыны тергеуден кейін суицид жасады: әйелі себебін анықтай алмай жүр