АЛМАТЫ, 16 наурыз – Sputnik. Шымкент қаласының тұрғыны Гүлжаухар Сапарбекованың күйеуі Нұртайдан қаңтардың ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жауап алған. Ер адам содан кейін өзіне қол салған, енді әйел полиция мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен жауап алуға қатысты шындықты ашуды талап етіп отыр.
Гүлжаухар Сапарбекова екі айдан бері салық саласында жұмыс істеген жұбайы Нұртайдың өзіне қол жұмсауына не себеп болғанын анықтауға тырысып жатыр, деп хабарлады жергілікті Otyrar.kz порталы.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет күйеуінен қаңтардың ортасында жауап алған.
"Жауап алғаннан бес сағаттан кейін күйеуімді тани алмай қалдым. Гестапоға барғандай, дауысы шықпай қалған, еңсесі түсіп кеткен. Оның айтуынша, олар қандай да бір операция жүргізетіндерін айтқан, күйеуім қандай да бір бастықты ұстау үшін қол қойған. Содан кейін олар үнемі хабарласып, үйге де келді", - дейді Гүлжаухар Сапарбекова.
Мәйіт табылған күні Шымкент қаласының құқық қорғау органдары "өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
"25 қаңтарда Абай полиция басқармасының 102 пультіне жергілікті тұрғын өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Суицид фактісі ҚР ҚК 105-бабы "өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Сараптама тағайындалды. Полицейлер барлық қажетті тергеу әрекеттерін жүргізді. Қорытынды процессуалдық шешім қабылдау үшін іс 18 ақпанда Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне жолданды", - деді Шымкент қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.
Журналистер сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоға ресми сұрау жіберіп, Нұртай Сапарбековті қандай мақсатпен жауап алуға шақырғанын және бұл өз-өзіне қол жұмсауға себеп болуы мүмкін бе, жоқ па, соны нақтылауды сұрады.