Алматы полициясы төбетті қасақана көлікпен басқан жүргізушіні іздестіріп жатыр

Жануарға қатыгездік таныту фактісі полиция назарынан тыс қалған жоқ
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз — Sputnik. Алматылықтар әлеуметтік желіде жол қиылысының бірінен бұрылған жол талғамайтын көлік жолдан өтпек болған итті әдейі басып өткені туралы видеоны таратып жатыр.
Жан түршіктірерлік кадрлар @dom_perederzhka Instagram-аккаунтында жарияланды.
Бейнеролик жарияланған күнге қарағанда, оқиға 15 наурызда кешкі уақытта шамамен Алматының Бостандық ауданында, Алматы – Есенәлиев көшелерінің қиылысында болған.
Қара түсті жол талғамайтын көлік оңға қарай бұрылар кезде жолдан өтіп бара жатқан итті көріп, аздап аялдап, одан кейін газды басып, төбетті әдейі басып өткені видеотіркеуішке түсіп қалған.
"Біз итті зорға іздеп тауып, клиникаға жеткіздік! Жағдайы тым ауыр. Ауырсынғаннан шок алған. Иттің артқы аяқтары езіліп кеткен және омыртқасына зақым келген болуы ықтимал. Жедел көмек көрсетіліп жатыр", - деп жазды жануарлар жанашырлары.
Әлеуметтік желідегі видеоролик пен оны жаппай тарату Алматы полиция департаментінің назарын аударды.
"Кеше Facebook қолданушысы видеоның астына мені белгілепті. Біз тексеруді бастадық. Оның нәтижесі туралы кейінірек хабарлаймыз", - деді Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.
Оның айтуынша, осы факті бойынша тергеу барысын қалалық полиция басшысы бақылауға алды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда жануарларға жауапкершілікпен қарауға қатысты заң қабылданды.
Заңға сәйкес, жануарларға қатыгездікпен қарау әрекеттерін бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да жолдар арқылы насихаттауға тыйым салынады. Ол үшін 1000 АЕК-ке (2 917 000 теңге) дейін айыппұл салу, бір жылға дейін бас бостандығынан айыру, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға дейін айыру жазасы қарастырылған.
Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша жануардың мертігуіне әкеп соққан қатыгездік үшін 120 АЕК-ке дейін (биыл 350 040 теңге ) айыппұл және 30 тәулікке дейін қамауға алу, ал жануардың өліміне әкеп соққан қатыгездік әрекет үшін 200 АЕК-ке дейін (583 400 теңге) айыппұл және 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы енгізілген.