НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Adal партиясы Amanat партиясына (бұрынғы Nur Otan) қосылатынын мәлімдеді.
"Қазір бүкіл әлем жаһандық экономикалық және геосаяси дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Аумалы-төкпелі кезең бәрімізден жылдам бейімделуді қажет етеді. Ресейге қолданылған қатаң санкциялар біздің елге де тікелей әсер етіп жатыр. Өкінішке қарай, қақтығыстың салдары халықтың табысының төмендеуіне әкеліп соғады. Сыртқы саясаттағы осындай қауіп-қатердің кезінде, кей мәселелерге қатысты пікір қайшылығын қойып, "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып", бірге қадам жасайтын кезең туды. Adal партиясының бүгінгі күнге дейінгі тың идеялары мен заманауи технологиялық көзқарастары президентімізге салмақты қолдау бола алады деп есептейміз", - делінген партия мәлімдемесінде.
Партия мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс стилі өздеріне ұнайтынын атап өтті.
"Ол қазір әділетті мемлекет құруды көздеп отыр. Мемлекет басшысының бүгінгі Қазақстан халқына жолдауы аясында айтқан саяси реформалары соның тағы бір дәлелі. Бірақ бұл айтылған реформалар қалай жүзеге асырылады? Мәселе осында. Ол үшін бүкіл қазақ қоғамы бірігуі қажет. Президент реформаларының жергілікте жерде тиісті деңгейде іске асырылмай қалу қаупі жоғары.
Сол үшін, біз, адалдықтар Жаңа Қазақстанды құруға белсенді қатысып, еліміздегі оң өзгеріске үлес қосқымыз келеді. Партияластарымызбен ақылдаса келе, бүгін Adal-дың Саяси кеңесінде президенттік Amanat партиясына қосылу туралы бірауыздан шешім қабылдадық", - деді партиядағылар.
Партия халықтың табысын арттыру, әр ауылдың мамандану картасын әзірлеу, әкімдерді әдістемелік қолдау және басқа да партия мүшелерінің алдында алған міндеттемелерін толық орындайтынына сендірді.