НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз – Sputnik. Ертең, 16 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті жолдауын арнайды. Осы жолы президент бұрынғы дәстүрді өзгертіп, елдің негізгі бағыт-бағдарын Наурыз мейрамы алдында жариялауға шешім қабылдады. Тоқаев қаңтар оқиғалары бойынша тергеудің алдын ала қорытындысын да айтады.
Sputnik Қазақстан бұған дейінгі жолдауларды парақтап, елдің өмірі қалай өзгергенін зерделеп шықты.
Халықпен диалог
2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға алғашқы жолдауын арнаған болатын. Сол кезде президент алдымен халық пен билік арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға мүдделі екенін танытты. Жолдаудың тақырыбы да солай қойылды: "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі".
Тоқаев біраз мәселені қозғап, үкіметке тапсырманы да үйіп берді. Бейбіт митингтерді өткізу жайын қозғады. Латифундистерге қарсы күресетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырған. Бірақ үкімет есеп-қисаппен біраз жүрді. Сөйтіп, ол бастаманы 2021 жылы ғана іске асырды. Президенттің алғашқы жолдауында айтылған тапсырмалардың басым бөлігі орындалды. Олар:
2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің санын біртіндеп қысқарту;
бейбіт жиындарға қаланың шетінде емес, ішінде арнайы орын бөлу;
Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдау;
микро және шағын бизнесті табыс салығынан үш жылға босату;
жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстардың жазасын күшейту;
бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейту;
өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеу;
диплом сататын оқу орындарын азайту;
браконьерлердің жазасын қатаңдату;
ішкі істер министрлігінің реформасы;
сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін бірінші басшының жауапкершілігін заңмен бекіту;
соттарға қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеру өкілеттілігін беру;
бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау;
мәдениет пен азаматтық қорғаныс саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту;
тұрмысы төмен отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік көмекті енгізу;
әуе билеттерінің бағасын төмендету және теміржол билеттерінің тапшылығын қолдан жасамау;
дарынды балаларды қолдаудың жол картасын әзірлеу.
Cозбалаңға салынды
Алғашқы жолдаудан кейін созбалаңға салынған тапсырмалар да жоқ емес. Мәселен, Тоқаев халық тарапынан жергілікті биліктің жұмысын бағалау жүйесін енгізуді ұсынған болатын.
"Мысалы, егер сауалнама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде тұрғындардың 30 процентінен астамы қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп есептесе, бұл Президент әкімшілігінің арнайы комиссия құрып, туындаған мәселені зерттеуіне және тиісті ұсыным енгізуіне негіз бола алады", - деді президент.
Алайда пилоттық жоба әлі қолға алынбаған тәрізді. Тоқаев кейінгі жолдауында осы мәселеге тағы тоқталды. Білім сапасына да баса назар аударып, оқуға түсе алмаған жастардың жұмыссыздар мен маргиналдардың қатарына қосылатынын айтты. Техника мамандарын көбейту керектігін жеткізді. Үздік педагогтарды ауылға тарту мәселесі де айтылды. Ал қаңтар оқиғасынан кейін осы проблемалардың өзектілігі арта түсті. Сосын президент алғашқы жолдауында үйді сатып алуға жағдайы жоқ азаматтарға баспананы әлеуметтік жалға алу тәртібімен мүмкіндік беру қажеттігін айтқан.
Биыл мемлекет тарапынан арендалық төлем беру тәртібі енгізіледі. Айтпақшы, Тоқаев кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың баспана мәселесін үш жылдың ішінде толығымен шешуді де тапсырған. Биыл – соңғы жыл.
Арыстағы жағдай қайталанды
2019 жылғы жолдауда президент Арыстағы жарылыстарды қозғап, Қарулы Күштерде түйткілді мәселелер қордаланып қалғанын айтты.
"Әскерге жұмсалатын шығыстарды реттеп, осы саладағы қаржы жүйесін және жалпы тәртіпті нығайтатын кез келді", - деді Тоқаев.
Әскери қызметтің беделін арттыруға және қарулы күштердің материалдық базасын нығайтуға тапсырма берілді. Себебі "Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен әскери қызметшілері бар армиямыз" ғана жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс бере алады. Алайда екі жылдан кейін Жамбыл облысындағы әскери қоймаларда тағы жарылыс болды. Сол кезде 17 адам қайтыс болды. Бір сарбаз із-түзсіз жоғалып кетті. Оны әлі таппады. Ал экс-министр Нұрлан Ермекбаев өз еркімен отставкаға кетті.
Саяси жүйенің негізгі формуласы
Президент саяси реформаларды "кезең-кезеңімен және табанды түрде" жүзеге асыруға мүдделі. Себебі "еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес". Ал саяси жүйенің негізгі формуласы: Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет. Сол кезде мемлекет басшысы "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін де ерекше атап өтті. Осының арқасында халықтың барлық сындарлы өтініш-тілектері жылдам және тиімді шешімін табады.
"Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын. Бұл саяси жүйе тұрақтылықтың ұзақ болуы үшін маңызды", - деп атап көрсетті Тоқаев.
2019 жылы ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімін 5 процентке дейін жеткізу жоспары болған. Ал еңбек өнімділігін, кем дегенде, 1,7 есеге өсіру міндеті қойылды. Бірақ коронавирус пандемиясы ол жоспарды өзгертті.
Пандемиямен күрес
2020 жылдың басында коронавирус пандемиясы басталды. Ал Тоқаевтың жолдауы "Жаңа жағдайдағы Қазақстанға" арналды. Себебі карантин кезінде халықтың өмірі түбегейлі өзгерді. Жаңа жағдайда стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі қайта құрылды. Бұдан бөлек, реформалар жөніндегі жоғары президенттік кеңес бекітілді.
Мемлекет басшысы мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобалар форматына ауыстыруды тапсырды. Пандемия кезінде мемлекеттік аппарат шағын форматта жұмыс істей алатынын түсінді. Содан Тоқаев мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің санын қысқарту жұмысын жылдамдатуға тапсырма берді. Цифрландыру шараларына басымдық беріле бастады. Ал үнемделген қаражаттың есебінен басқа мамандардың жалақысы көтерілді. 2020 жолдаудан кейін бірқатар шаралар атқарылған болатын. Олар:
министрліктерде жауапты хатшылар институты жою;
стратегиялық инвестициялық келісімді жасау;
квазимемлекеттік сатып алуларды реттейтін заңды қабылдау;
агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған жаңа ұлттық жобаны әзірлеу;
пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлердің несиесін субсидиялау;
шикізаттық емес орта кәсіпорындарға арналған экспорттық акселерация бағдарламасын жүзеге асыру;
несие беретін ұйымдардың жауапкершілігін арттыру;
несие бойынша шекті мөлшерлемелерді азайту;
Есеп комитетінің құзыретін күшейту; жаңа жекешелендіру жоспарын қабылдау;
"Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтерін біріктіру;
"Аңсаған сәби" бағдарламасын бастау;
Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеу;
адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді прокурормен келісу;
"Қоғамдық бақылау туралы" заңды қабылдау;
мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетел банктерінде есепшот ашуды шектеу;
ауыл әкімдерін тікелей сайлау.
Ұзақ мерзімді міндеттер де бар. Мәселен, 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібінің өндірісін кем дегенде 1,5 есе арттыру қажет. Сондай-ақ, үкімет республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп шығуға міндетті. Бірақ соңғы оқиғалардан кейін жоспарды тағы өзгертуге тура келеді.
"Халыққа берген уәделерімді орындаймын"
Коронавирус пандемиясы басталғаннан кейін біраз қаржыны жұмсауға тура келді. Әлеуметтік төлемдер берілді, медицина қызметкерлеріне үстемақы тағайындалды. Бизнеске біраз жеңілдіктер жасалды. Дағдарысқа қарсы шараларға 6,3 триллион теңге жұмсалды.
Тоқаев 2021 жылдың жолдауында бюджеттің кірісін арттыруды тапсырды. Үкіметке мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеу міндеті жүктелді. Президент көптен бері шешілмей жатқан мәселелерді тағы көтерді. Соның ішінде бос жатқан жерлерді қайтару, инфрақұрылымды жаңғырту, субсиядияны қайта қарау, сумен қамтамасыз ету және тағы басқа проблемалар бар.
Мемлекет басшысы Қазақстанды ақпараттық-телекоммуникациялық хабқа айналдыру қажеттігін де қайта-қайта айтып келеді. Осыған байланысты кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау міндеті қойылған. Ал 2025 жылға дейінгі тағы бір тапсырма - мың мектеп салу.
Жалпы соңғы жолдаудың барлық тапсырмасы әлі орындалған жоқ. Оған қоса, жылдың басындағы қаңтар оқиғалары үкіметтің жоспарын айтарлықтай өзгертті. Президенттің өзі бірнеше рет үндеу жасап, жаңа бастамаларын жариялады. Артынан Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын әзірлеуге тура келді.
Тоқаев ауқымды әрі маңызды реформаларды жариялаймын дейді. Осы орайда президенттің алғашқы жолдаудағы сөзі еске түседі.
"Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын. Уәде еткен саяси жаңғыру үдерісі азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүдделеріне сәйкес, біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатын болады", - деді Тоқаев үш жыл бұрын.
Ертеңгі жолдауда қаңтар оқиғасы бойынша тергеу шараларының алдын ала қорытындысы да айтылуы керек.