НҰР-СҰЛТАН, 15 наурыз – Sputnik. ЕАЭО мен Қытай арасында тәуелсіз халықаралық қаржы-валюта жүйесін құру мәселесі қаралып жатқан жоқ. Бұл туралы премьер-министр орынбасары, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Кеше, 14 наурызда Еуразия экономикалық комиссиясының ресми сайтында ЕАЭО мен Қытай тәуелсіз халықаралық валюта-қаржы жүйесінің жобасын әзірлейді деген ақпарат жарияланды. Кейін жаңалық өшірілді, бірақ бұқаралық ақпарат құралдары таратып үлгерді.
Бүгін, 15 наурыз үкімет кулуарында сауда министрі Бақыт Сұлтанов күн тәртібінде мұндай мәселе жоқ екенін мәлімдеді.
"17-18 наурызда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысы жоспарланған. Мен комиссия мүшесімін. Қазір күн тәртібінде бұл мәселе тұрған жоқ", - деді министр тілшілерге.
Сұлтанов санкцияларға байланысты есеп айыруда қиындықтар бар екенін мойындады.
"Біздің елдер арасында, мысалы, доллармен есептескенде қиындықтар бар. Өйткені оларды Ресейге кіргізуге тыйым салынған. Сондықтан, өзара есеп айырысуға қатысты, әсіресе бизнесте, консультациялар өтеді, мәселелер талқыланады. Бірақ сіз айтқан мәселе (тәуелсіз халықаралық валюта) күн тәртібінде тұрған жоқ", деді министр.