НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз - Sputnik. Адвокат, қоғамдық құқық қорғаушы Айман Омарова Қазақстанның бас прокуратурасынан жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қаза тапқан бір отбасының екі мүшесін өлтіруге қатысты істі тергеуді арнайы прокурорларға беруді сұрады.
"Қазіргі кезде ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу басқармасында Сағындықовтар отбасының мүшелерін өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Арнайы жасақ қызметкерлері күдікке ілінді. Екі адам оқиға орнында қаза тапты, тағы біреуі жарақат алды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы істі тергеуге кедергі жасап отыр", - деді Омарова мәжілістің жалпы отырысында.
Танымал адвокат істі арнайы прокурорларға беруді сұрады.
Бүгін мәжілісті қаңтар оқиғасы бойынша тергеу барысы баяндалды. Соңғы ақпаратқа сәйкес, барлығы 230 адам қаза тапты. Олардың арасында 19 күштік құрылым қызметкері мен әскерилер бар. Ең көп қаза тапқандар Алматыда – 139 адам.
Әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарға тойтарыс беру және құқықтық тәртіп орнату барысында шабуыл жасаған 86 адамның көзі жойылды.
Көз жұмған 53 адам бойынша өлімнің мән-жайы анықталып жатыр. Олар қала аумағынан түрлі жарақатпен табылды, соның ішінде 48 – оқ жарақаты, 2 – пышақ, 3 түрлі жарақат және күйік.
Басқа жеті өңірде құқық қорғау күштері әкімдік, полиция, ҰҚК департаменті ғимараттарын қорғау кезінде шабуыл жасаған 63 адамды өлтірді.
Дәл қазір абайсызда 20 бейбіт азаматтың оқ тиіп көз жұмғаны анықталып отыр. Олардың 11-і Алматыда, 8-і Алматы облысында және біреуі Таразда.