НҰР-СҰЛТАН, 14 наурыз – Sputnik. Бас прокурор Берік Асылов тұңғыш президенттің немере інісі Самат Әбіш не себепті қамауға алынбағанын түсіндірді. Одан басқа басшылардың көбісі ұсталған болатын.
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғалары бойынша есеп берілді. Ішкі істер министрлігі мен бас прокуратура тергеу шараларын баяндап, соңғы мәліметтерді жариялады. Отырыстан кейін журналистер бас прокурордан ұлттық қауіпсіздік комитетінде басшылардың біразы ұсталса да, Самат Әбіштің қамауға алынбауының себебін сұрады.
"Қазіргі кезде Самат Әбішке қатысты ешқандай дәлел жоқ. Кәрім Мәсімов қамауға алынды. Оған Қылмыстық кодекстің сан алуан бабы бойынша айып тағылып отыр", - дейді Берік Асылов.
Айта кетері, қаңтар оқиғаларынан кейін Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің ұсталғаны туралы алыпқашпа әңгіме тарап кеткен. Алайда ұлттық қауіпсіздік комитеті ол ақпаратты жоққа шығарды. Артынан 13 қаңтардан бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шыққаны туралы мәлімет таратылды.
Ал 17 қаңтарда комитеттің ресми сайтында Әбіш төрағаның орынбасары қызметінен босатылғанын туралы хабарлама жарияланды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовты қызметінен босатты. 8 қаңтарда оның ұсталғаны белгілі болды.
Сондай-ақ, екі орынбасары – Әнуар Садықұлов ("А" арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы) мен Дәулет Ерғожин ұсталды. Кейін Мәсімовтың тағы бір орынбасары Марат Өсіпов қамауға алынды.
Бас кезінде тергеу Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша басталған. Күдіктілерге мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алуға немесе Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған әрекеттен басқа, "билікті немесе қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылып отыр. Пара алу фактілеріне қатысты тергеу шаралары қолға алынды.
Мәсімов премьер-министр лауазымында болғанда бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 миллиард теңге болатын элиталық тұрғын үй мен жер телімін алды деген күдікке де ілінді. Оның коттеджінен бума-бума доллар мен қымбат көліктер тәркіленді.
Бас прокурордың айтуынша, Мәсімов 17 жылға сотталуы мүмкін.
Күні кеше сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Самат Әбіштің туған ағасы – Қайрат Сатыбалдының ұсталғанын жариялады. Ол "Қазақтелеком" АҚ қаражатын жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Оны уақытша ұстау абақтысына қамап қойды. Сатыбалдының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.