АЛМАТЫ, 14 наурыз – Sputnik. Алматы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәжілов қамауға алынды. Бұл туралы мәжіліс отырысында Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"5 қаңтарда Алматыда екі полиция департаменті мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш департаментінің, сондай-ақ Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында департамент бастықтары өз ғимаратын тастап кеткені анықталды. Олар ғимаратты ішінде қаруымен қалдырған. Осы фактілер бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Бұл істер бойынша тергеу әрекеттерінің негізгі бөлігі аяқталды. Алматы ҰҚКД бастығы Нұрлан Мәжілов қамауға алынды. Қазір басқа адамдарға қатысты дәлел жинау және оларды талдау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді ол.
Айта кетері, бұған дейін Бас прокуратура ҰҚК-нің тағы екі қызметкеріне қатысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері Н.Мәжілов пен Р.Ысқақовқа қатысты тергеу жүріп жатқанын хабарлаймыз", - делінген бас прокуратураның Sputnik Қазақстанға берген жауабында.
Сондай-ақ, бас прокуратура "тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтерді жария етуге болмайтынын" хабарлады.
Айта кетері, ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры Нұрлан Мәжілов Алматы қаласында дүрбелең басталған кезде ҰҚК департаментінің басшысы болды. 2022 жылдың 13 қаңтарында оның орнына Марат Ирменов келді.