НҰР-СҰЛТАН, 13 наурыз – Sputnik. Ақтөбе облысында Тәжікстанның екі азаматы көлікте ұйықтап, газдан уланып қалған. Екеуі де жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция депаратментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 9 наурызда Тәжікстан Республикасының екі азаматы "ГАЗель" автокөлігімен Ақтөбе қаласынан Әлімбетовка шекара бекетіне жолға шыққан. Бірақ шекарадан өте алмаған. Содан Ақтөбе қаласындағы туысқандарына қайта баруға шешім қабылдаған. Қайтар жолда олармен байланыс үзілген. Аяз көтеріліп, ауа райы да бұзылды.
"Ақтөбедегі туысқаны уайымдап, 102 телефонына қоңырау шалды. Патрульдік полиция ротасының экипаждары дереу хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге кірісті. Түн ортасында "Солтүстік айналма жолы" автожолының он екінші шақырымында "Исламбұлақ" кемпингі тұрағында полиция қызметкерлері аталған көлікті тауып алды. Жүргізуші мен жолаушы автокөлік салонында улы газдан улану салдарынан ұйықтап қалған", - дейді полицейлер.
Тәртіп сақшылары зардап шеккендерді көліктен шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Одан кейін жедел медициналық жәрдемді шақырды. Екеуі де жансақтау бөліміне жатқызылды.
Полиция департаменті көлікте түнеген кезде салонды арасында жылытып отыруды, бірақ ұйықтағанда моторды сөндіру қажет екенін ескертті.
"Қозғалтқышы істеп тұрған машинада ұзақ уақыт болсаңыз, газ дереу көліктен алыстайтындай етіп, автомобильді жел бағытына қарай қойыңыз", - деп кеңес берді департамент мамандары.