НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Бас прокуратура Иманғали Тасмағамбетовтің "Астана LRT" ісі бойынша тергеуге алынғаны туралы алыпқашпа әңгімені жоққа шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Әлеуметтік желіде бас прокуратура жанынан ведомствоаралық жедел тергеу тобының құрылғаны және И.Н.Тасмағамбетовтың "Астана LRT" ЖШС ісі бойынша қаржыны жымқыруға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Ол мәлімет шындыққа жанаспайды", - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Бас прокуратура ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырды.
Айта кетері, бұған дейін журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында ведомствоаралық жедел тергеу тобының құрылғанын жазды. Оның сөзіне қарағанда, тергеу тобы "Тасмағамбетовтың Алматы, Астана әкімі және қорғаныс министрі қызметін атқарған кездегі жемқорлық қылмыстарына қатысы бар" деген мәлімдемелерді тексереді.