НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Жанжал Талдықорғандағы мектептердің бірінде болған.
11 наурыз күні биология сабағында 2005 жылы туған оқушы мұғалімге дауыс көтеріп, балағат сөздер айтқан. Мұғалім Талдықорған қаласының полиция бөліміне арыз жазған.
"Қазіргі таңда оқушыға қатысты Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды", - деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Айта кетері, кәмелетке толмаған балалардың іс-әрекеті үшін ата-анасының жауапкершілігі қарастырылған. Осы жағдайға байланысты оқушының ата-анасын жауапкершілікке тарту үшін әкімшілік іс қозғалды.
"Сонымен қатар белгіленген тәртіппен оқушыны есепке қою және оған психологиялық көмек көрсету туралы мәселе де қаралады", - деп толықтырды министрлік.
Салалық ведомство мұғалімдерге деген мұндай көзқарасқа жол берілмейтінін еске салды. Тек мұғалімдер ғана емес, ата-аналар да балалармен қоғамда өзін қалай ұстау керектігі туралы әңгіме жүргізуі маңызды.