НҰР-СҰЛТАН, 12 наурыз – Sputnik. Қазіргі таңда әлемде дүниеге келіп жатқан балалар ауаның ластануына байланысты қысқа өмір сүреді. Мұндай қорытындыны State of Global Air халықаралық ұйымы жасады.
Лас ауамен тыныстауға мәжбүр болған бүгінгі балалардың өмірі орта есеппен бір жыл сегіз айға қысқарады. Кейбір елдерде экологиялық жағдай жақсармаса, бүгін күні дүниеге келген сәбилер орта есеппен үш жылдан астам өмірін жоғалтады, деп хабарлады The Guardian.
2019 жылы ауаның ластануы өлім-жітімнің төртінші негізгі себебі болды, 7 миллионға тарта адам ерте көз жұмған. Бұл темекі шегуден, безгектен және нашар гигиенадан болатын өлімге қарағанда көп.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) жаңа ұсынымдарында көрсетілген ластану деңгейінен 20 есе асатын қалалар тізімінде Үндістан көш бастап тұр. Сондай-ақ тізімге Пәкістандағы Равалпинди, Мысырдағы Каир және Угандадағы Кампала енді.
"Бұл қорқынышты сандар табанды, жылдам және батыл әрекет етуді талап етеді. Қазба отынын жағу өмірімізге қауіп төндіруде, ауаны ластаушы заттардың салдарынан жыл сайын миллиондаған адам ерте өледі, жыл сайын жаһандық экономикаға миллиардтаған доллар шығын әкелуде және климаттық дағдарысты күшейтіп отыр", - деп мәлімдеді ДДҰ-ның экологиялық проблемалар жөніндегі маманы Мария Нейра.
Ол қалалардағы автомобиль көлігінің санын қысқартуға және экологиялық қоғамдық көліктерді көбейтуге шақырды.