Тоқаев қай басылымдарды оқиды – фото

Мемлекет басшысы БАҚ-та көтерілген өзекті мәселелер бойынша жергілікті атқарушы билікке тапсырма беріп отырады
Sputnik
АЛМАТЫ, 11 наурыз – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз қызметі президент тұрақты түрде оқитын отандық және шетелдік басылымдарды көрсетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президент оқитын басылымдар ішінде "Егемен Қазақстан", "Айқын", "Литер", "Казахстанская правда", "Ана тілі", "Қала мен дала", "Jas qazaq", "Жас Алаш", "Деловая неделя", "Комсомольская правда", "Turkistan", "Қазақ әдебиеті", "Аргументы и факты" газеттері мен "Aqiqat", "Juldyz", "The Economist" журналдары бар.
Мемлекет басшысы БАҚ-та көтерілген өзекті мәселелер бойынша жергілікті атқарушы билікке тапсырма беріп отырады.
Мәселен бұған дейін былтыр президент "Казахстанская правда" газетінде 24 мамырда жарияланған "Заложники равнодушия" атты мақалада айтылған мәселеге назар аударды. Президент әкімшілігіне Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қоныс аударған азаматтарға арналып салынған тұрғын үйлердің сапасын тексеру туралы тапсырма берілді.
Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша мақалада келтірілген деректер расталды.
Жұмысында олқылықтарға жол бергені үшін Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау және Есіл аудандарының әкімдері қызметінен босатылды.
Облыс әкімінің орынбасары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру жөніндегі облыстық басқарманың басшысы, сондай-ақ бес ауданның әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.