Баспана бағасы қымбаттап жатыр

Риелторлар қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, баспана нарығы қазір қатты қызып тұр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 11 наурыз – Sputnik. Теңгенің құнсыздануынан ипотекалық ставкалар көтерілсе, баспанаға сұраныс біртіндеп төмендейді. Мұндай жағдайда тұрғын үй арзандауы мүмкін, деп хабарлады Хабар 24.
Өйткені ел азаматтары азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарға басымдық беріп, бар ақшасын соған жұмсайды. Ал баспана алу мәселесі екінші орынға кетеді. Яғни тұтынушылық қабілеттің төмендеуінен, тұрғын үй нарығындағы сұраныс азаюы әбден мүмкін. Жылжымайтын мүлік нарығының мамандары осылай дейді.
Еліміздің риелторлар қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, баспана нарығы қазір қатты қызып тұр. Бірақ теңге бағамының құбылуына байланысты үй алуды кейінге қалдырған азаматтар да көп.
"Ипотеканың қолжетімділігі төмендеді. Өйткені проценттік ставкалар өсті, қазір ол 16-20% аралығында. Нарық заңдылығына сай ипотекалық мөлшерлеме өскенде, баспана бағасы арзандайды. Сұраныс аз болса, ұсыныс та төмендейді. Ал жылжымайтын мүлік құнына қатысты қазіргі жағдайда болжам жасау қиын. Өйткені нарыққа әсер ететін факторлар күнде өзгеріп жатыр", - дейді Қазақстан Республикасы риелторлар қауымдастығының өкілі Әли Мұсабеков.
Дерекқор
2022 жылы қандай бағдарламамен баспана алуға болады