НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik.Түнде ұйқыдан кенеттен оянып кету қауіпті аурудың белгісі болуы мүмкін, деді диетолог Яна Прудникова РИА Новостиге берген сұхбатында.
"Адам психологиялық жағдайларға байланысты түнде жиі оянады. Бірақ мұндай жайт кейде ішкі ағза ауруларының белгісі болуы мүмкін екенін ұмытпау керек", - деп ескертті ол.
Сондықтан дәрігерге қаралуға кеңес беріп отыр.
"Егер адам түнде оянса, ұйқы безі, бауыр және бүйрек үсті бездерінің жұмысын тексеру керек", - дейді диетолог.
Ол алдымен қант диабетінің даму қаупі бар-жоғын көрсететін көмірсуларға төзімділік тестінен өту керек деп отыр.
"Ұйқы безі мен бауырдың биохимиясын тексеру керек. Сондай-ақ, дәрігер кортизол гормонының деңгейін анықтау үшін бүйрек үсті бездерін қарауы қажет", - деді маман.
Оның айтуынша, дұрыс ұйықтамау адреналин пайда болуымен байланысты эндокриндік бұзылуға әкеп соғуы мүмкін.
"Егер адам түнде ұйықтай алмай, тамақтанғысы келіп жатса, оның қанына адреналин белсенді түрде барып жатқанын білдіреді. Бұл тіпті субклиникалық бүйрек үсті безінің дисфункциясы болуы мүмкін", - деп қорытындылады Прудникова.
Маман түнде адам төсектен тұрмай ұйықтауы керек деген ойын бөлісті.