НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы ұлттық банк басшысынан халықтың алдына шығуды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Мысалы, былтыр бізде сырттан алынған тауардың 42 проценті Ресейден келді.Әрине, қазіргі жағдайда біздегі тауарлар да қымбаттайды. Ол – заңды нәрсе. Үкіметтің бағдарламасы бар, өкінішке қарай, ұлттық банк жұмыс істемей жатыр", - деді Бақтиярұлы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Осы орайда сенатор кейбір экономистердің ұсынысын еске салды. Мамандар теңгенің рубльге қатысты бағамын нығайту керек деп санайды. Бірақ оның кері жағы да бар. Ұлттық валютамыз күшейіп кетсе, қазақстандықтар тағы көрші елден көлік пен тұрмыстық техника таси бастайды.
"Ұлттық банк қаржы реттеушісі ретінде осының бәрін түсіндіруі керек. Бірақ біз банктің тұжырымдамасын көріп отырған жоқпыз. Басшылығы халықтың алдына шығып жатқан жоқ. Біз соған таңғаламыз", - деп атап өтті Бақтиярұлы.
Оның ойынша, қазіргі жағдайда ұлттық банк төрағасы апта сайын халық алдына шығуы қажет.
"Бұл жерде ұлттық банк төрағасы көп жұмыс істеуі керек және халықтың алдына апта сайын екі-үш рет шығып, бәрін түсіндіріп отыруы қажет", - дейді Бақтиярұлы.
Айта кетері, Қазақстанда доллар бағамы көтерілгеннен импорттық тауарлардың бағасы өсе бастады. Шетелдік көліктер де қымбаттады.