НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Астаналықтарды көптен бері мазалап жүрген мәселе шешілді.
"Өндірістік" тұрғын алабындағы силикат кірпіш шығаратын зауыт жабылды.
"Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге жергілікті халықтың денсаулығына зиян келтірген кәсіпорынды сот арқылы күштеп жабуға қол жеткізді. Осы тұрғын алабында 30 мың адам тұрады. Ал зауыт басшылығы 5 жыл бойы жерді босату және қауіпті өндірісті жабу міндеттерін орындаудан жалтарып жүрген", - делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.
Бұған дейін халық тарапынан түскен арыз-шағымның негізінде жоспардан тыс тексеріс жүргізілген. Сол кезде экологиялық талаптарды бұзу фактілері анықталды. Зауыттан шамадан тыс қауіпті заттар тараған. Осыған байланысты сот кәсіпорынның жұмысын тоқтатуға шешім шығарды.
Бүгінде зауыттың жұмысы толығымен тоқтатылды. Мамандар барлық құрал-жабдықтарды мөрлеп қойды.
Алматы ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың айтуынша, кәсіпорынға өтемақы төленді.
Сондай-ақ, адамдардан шалғай орналасқан жер учаскесі ұсынылды. Бірақ зауыт басшылығы одан бас тартты.