НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға барды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.
"Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Елбасы Анталияға Дипломатиялық форумға қатысу үшін келді", - деп жазды Үкібай Twitter парақшасында.
Анталия дипломатиялық форумы –жаһандық және аймақтық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуға арналған пікірталас алаңы. Бұл жолғы форум "Дипломатияны қайта құру" ұранымен өтеді, деп атап өтті ол.
Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың наурыз айында Қазақстан президенті лауазымынан кетті. 2022 жылдың қаңтарында ол өзінің ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің басшысы және Nur Otan (қазіргі - AMANAT) партиясының төрағасы қызметін тапсырды.