Көктемгі егіс: шаруаларға дизель отыны қанша теңгеден сатылады

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынына қажеттілік 400,26 мың тонна көлемінде бекітілді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов көктемгі егіс жұмыстарына қажет дизель отынының бағасы қанша болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, энергетика министрлігі ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп "Облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесін" жасады. Оның аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынына қажеттілік 400,26 мың тонна көлемінде бекітілді.
"Құнына келетін болсақ, президенттің тапсырмасына сәйкес министрлік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын жеткізуге қатысатын негізгі ресурс ұстаушылармен кеңес өткізді. Оның қорытындысы бойынша 2022 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 212 мың теңгені (литріне 176 теңге) (ҚҚС-ты қоса алғанда) құрайды", - деді Ақшолақов үкімет отырысында.
Ол аграрийлер үшін болжамды баға шекті бекітілген бөлшек сауда бағасынан төмен (литріне 230-260 теңге), орташа есеппен 15-30%-ке арзан екенін атап өтті.
Айта кетері, энергетика министрлігінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынына арзандатылған бағаны заңнамалық бекіту құзыреті жоқ.
Ауыл шаруашылығына қажет дизель отынының құны жанар-жағармай материалдары нарығына қатысушылармен келісу арқылы айқындалады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы жалпы егіс алаңы 23,1 миллион гектарды құрайды. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 125 мың гектарға артық. Бидай алаңы 368,1 мың гектарға азаяды.
Жем-шөп дақылдары алқабы едәуір ұлғайтылып, 3,6 миллион га құрады.
Сонымен қатар көкөніс дақылдарының алқабы шамалы өсті, бақша дақылдары 2 мың гектарға төмендеді.