НҰР-СҰЛТАН, 10 наурыз – Sputnik. Еуропада коронавирус инфекциясының жаңа штаммы – "Дельтакрон" анықталды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше аурулар бөлімшесі техникалық тобының басшысы Мария ван Керкхове мәлімдеді.
РИА Новости хабарлағандай, ДДСҰ жетекші эпидемиологы дельтакрон штаммы Францияда, Нидерландыда және Данияда анықталғанын растады, бірақ инфекцияның жұққыштығы "өте төмен".
"Дельтакрон" штаммы "Дельта" AY.4 және "Омикрон" BA.1/BA.2" штаммы тармақтарының қосындысынан пайда болды", - деді Мария ван Керкхове ДДСҰ брифингінде.
Ол ДДСҰ сарапшылары бұл нұсқаны 7 наурызда өткен кездесуде талқылағанын атап өтті.
Кипр университетінің биологиялық ғылымдар факультетінің ғалымдары COVID-19 жаңа штаммы – "Дельта" және "Омикрон" гибридінің табылғаны туралы қаңтар айының басында хабарлады. Ол кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл қате нәтиже болуы мүмкін екенін мәлімдеді және "Дельтакрон" атауын қолданбауды ұсынды.
2022 жылдың 10 наурызындағы жағдай бойынша әлемде 451 742 796 адам коронавируспен ауырған.