АЛМАТЫ, 9 наурыз – Sputnik. Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені 13,50% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Соған сәйкес, өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 14,50%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 12,50% болады, деп хабарлады Ұлттық банк.
Украинадағы жағдайға байланысты Қазақстан Ұлттық банкі 24 ақпанда мөлшерлемені бірден 10,25%-тен 13,5%-ке дейін көтеру туралы кезектен тыс шешім қабылдады. Ұлттық Банк макроэкономикалық жағдайдың және Қазақстан қаржы нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету шараларын қабылдауды жалғастырады.
Инфляцияның барлық құрамдас бөліктері бойынша бағалардың өсуі аясында 2022 жылдың ақпанында жылдық инфляция 8,7%-ке дейін (2022 жылы қаңтарда – 8,5%) көтерілді.
Азық-түлік тауарларының бағасы нан-тоқаш өнімдері мен жарма, көкөністердің қымбаттауына байланысты 10%-ке (осы жылдың қаңтарындағы 9,9%-тен) көтерілді. Тұрмыстық техника, жиһаз бен тұрмыста қолданылатын тауарлар бағасының жоғары өсімі сақталған.
Бензин мен дизель отыны бағасын уақытша реттеу жағдайында жанар-жағармай нарығында дезинфляция байқалады. Ақылы қызмет көрсету 2021 жылдың ақпанымен салыстырғанда биыл ақпанда 7,1%-ке (6,8%) қымбаттады. Тұрғын үйді жалдау құнының жылдық өсімі 20,7%. Сонымен қатар баға өсуіне жарияланған мораторий аясында газдың бағасы 5,4%-ке дейін (2021 жылдың желтоқсанында – 12,9%) төмендегені байқалады.
Геосаяси жағдайдың бағаға әсері
Ұлттық банктің хабарлауынша, Brent сұрыпты мұнай бағасы 2014 жылдан бері алғаш рет барреліне 100 АҚШ долларынан асты. Геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты Ресейден мұнай жеткізудегі іркіліс тәуекелінен жоғары баға қолдау тауып отыр.
Сонымен қатар жоғары сұраныс пен 2022 жылдың қаңтарындағы нақты өндіріс рұқсат етілген квоталардан төмен болған ОПЕК+ елдерінің мұнайды барынша аз өндіруіне байланысты әлемдік мұнай қорларының төмендеуі байқалады. Жалпы алғанда, әлемдік мұнай нарығының келешекте даму перспективасы позитивті болып отыр.
Биыл ақпанда ФАО азық-түлік бағасының индексі өсімдік майы, сүт өнімдері, астық және ет бағаларының айтарлықтай өсуіне байланысты тарихи рекордтық деңгейге жетті. Ресей-Украина қақтығысы әлемдік нарықта бидайдың тапшылығына әкеліп соғады деген қауіп-қатерге байланысты бидай құны 14 жылдық ең жоғары көрсеткішті жаңартты.
Ұлттық банктің хабарлауынша, геосаяси дағдарысқа байланысты Қазақстан экономикасының өсуі бұрын болжанғаннан да төмен болуы мүмкін. Экономиканың өсу қарқынына шикізат тауарларына жоғары баға, эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы ықпал етеді. Базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер инфляция серпініне, геосаяси жағдайдың дамуына және оған қаржы нарығының ықпал етуіне байланысты қабылданады.
Ұлттық Банк инфляцияны нысаналы мәнге қайтару үшін барлық қажетті шара қабылданады. Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылы 25 сәуірде Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 15:00-де жарияланады