НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз – Sputnik. Түркістан қаласының тұрғыны шымкенттікке алданып, 1,2 миллион теңгеден айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, Келес аудандық полиция бөліміне ер адам арыз түсірді. Оны танитын біреу алдап кеткен.
"Күдікті ұлыңды жұмысқа кіргіземін, ал өзіңді мүгедектікке шығарып беремін деген. Сол үшін ақша сұраған. Жәбірленуші 1,2 миллион теңгеден асатын соманы бірнеше рет өткен жылдың қазан айынан осы жылдың ақпан айы аралығында күдіктінің есепшотына салып отырған", - дейді полицейлер.
Алайда танысы уәдесін орындамаған. Содан мүгедектікке шыға алмаған және ұлын жұмысқа орналастыра алмаған түркістандық алданғанын түсініп, аудандық полиция басқармасына арызданды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотты болған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
Ер адам өз кінәсін мойындады. Бірақ ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсап жібергенін жеткізді. Оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.