Ресей мұнайына салынған санкция Қазақстанға әсер етпейді

АҚШ Ресейден мұнай мен мұнай өнімдерін импорттаудан бас тартты. Бұл тыйым Қазақстанға әсер ете ме?
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз – Sputnik. Американың сыртқы істер министрлігі ресейлік мұнайға салынған санкциялар Қазақстанға әсер етпейтінін мәлімдеді.
"АҚШ-та энергия ресурстарына тыйым салу санкциясы Ресейден жеткізілетін кейбір тауарлар импортына қатысты. Ал Ресейде шықпаған тауарларға, мейлі, Ресей аумағы арқылы өтсе де, тыйым салынбайды", - делінген ресми хабарламада.
Осы орайда министрлік мамандары Каспий құбыр консорциумын мысалға келтірді. Сол арқылы Қазақстан мұнайының біраз бөлігі өтеді.
"Қазақстан құбыр консорциумы (ҚҚК) сияқты таратушы жүйелерде шикі мұнайдың көзін бөлу тетіктері қарастырылған. Соның арқасында Ресей Федерациясынан шықпаған шикі мұнайды бөлек түсіруге де, сатуға да мүмкіндік бар", - дейді министрлік қызметкерлері.
Айта кетері, АҚШ президенті Джо Байден Ресей мұнайын импорттауға тыйым салынатынын мәлімдеді. Осыдан кейін мұнайдың әлемдік бағасы тағы көтеріле бастады. Байденнің айтуынша, жаңа санкцияларды екі партия да қолдады. Ал Еуропадағы одақтастар бұл бастамаға қосылмайды.
Бүгін Лондон биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 130 долларға жетті.
Мұнай бағасы тағы көтерілді