Қоғам

"Мектеп формасын тіге алмаймыз": астаналық тоқыма компаниялары мәлімдеме жасады

Бізді ісін адал жүргізбейтін жеткізушілер тізіміне қосады деп уайымдаймыз, дейді компания өкілдері
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз – Sputnik. Елорданың тоқыма компаниялары арнайы киім тігу бойынша мемлекеттік тапсырысты орындай алмайтынын мәлімдеді. Негізгі себеп – матаның күрт қымбаттауы, деп хабарлады "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы.
Бүгін палатаның бастамасымен құрылған өңірлік жедел штабтың отырысы өтті. Ресейге салынған санкциялардың Қазақстан экономикасына тигізетін әсері тағы талқыланды. Елордалық тоқыма компанияларының бәрі матаның қымбаттауы және валюта бағамының өсуі салдарынан арнайы киім мен мектеп формасын тігу бойынша келісімшарт міндетемелерін орындай алмайтынын ашық айтты.
BMC Sales жетекшісі Асқар Башеевтің айтуынша, шикізат жеткізушілер валюта бағамының құбылуына байланысты келісімшарт жасауға қорқады.

"Алда мектеп науқаны келе жатыр, біз тіге алмаймыз, оған ресурс тапшы. Жеткізушілер келісімшарт жасауға асықпайды, өйткені ертең баға өзгеріп кетпесіне кепілдік жоқ", – дейді Башеев.

Ал "Прогресс" тігін фабрикасының өкілі Нұржан Манкин қорғаныс министрлігімен 2021 жылдың күзінде баға бойынша келісімшарт жасағанын айтты. Соңғы кезде Қытай және Ресей өндірген материалының бағасы 30-40%-ға қымбаттады. Олар да жеткізуші компаниялармен келісімшарт жасай алмай отыр.
"КазСПО-N" ЖШС бас директоры Елена Свечникова қорғаныс министрлігімен рәсімдейміз деген келісімшарттан бас тартуға мәжбүр болатынын жеткізді.
"Осыдан кейін бізді ісін адал жүргізбейтін жеткізушілер тізіміне қосады деп уайымдаймыз" - дейді ол.
Басқа саладағы кәсіпорындар да қиындыққа тап болды. Мәселен, Еуропа мен АҚШ-тан келетін ауыл шаруашылығы техникасы Беларусь пен Ресей жақта бөгеліп қалды. Ал бір жарым айдан кейін көктемгі егіс жұмыстарын бастау қажет. Түркия мен Әзербайжан арқылы тасымалдаған тиімсіз, жол ұзарып кетеді.
Жиһаз өнеркәсібі плиталарды тасымалдау жұмыстарын субсидиялауды сұрап отыр. Себебі оны жеткізу шығындары, шамамен, 40-50 процент. Бұдан бөлек, плиталық материал мен фурнитураны жеткізу жағынан салық жеңілдігін жасау ұсынылды. Кәсіпкерлер алдағы 3 жылға корпоративті табыс салығына мораторий енгізуді де сұрап отыр.