Қаңтар оқиғасы

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ табылды

19 дана пневматикалық қару, пышақ пен арбалет тәркіленді
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз — Sputnik. Полиция қызметкерлері Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтың ірі көлемін анықтады.
Олар қару-жарақ дүкенінен тонау кезінде қолды болған. Қару-жарақ жасырылған жерді көліктегі полицейлер анықтады.
Тонау күдігі бойынша Өзбекстанның 23 жастағы азаматы ұсталды. Билік бұл азамат Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікке де қатысты деп санайды. Оның тұрғылықты мекенжайынан екі пышақ пен бір пневматикалық тапанша тәркіленді, деп хабарлады Polisia.kz.
Сонымен қатар Өзбекстан азаматының 43 жастағы сыбайласы ұсталды – тінту барысында одан 19 дана пневматикалық қару мен оған арналған оқ-дәрі, 10 пышақ, бір арбалет, алты оптикалық көздеу құрылғысы және үш оптикалық аспап тәркіленді.
"Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды және тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Олардың сыбайластарын анықтау және қолға түсіру шаралары қабылданды", - деді көлік полициясының басшысы Оңал Бекиев.