НҰР-СҰЛТАН, 8 наурыз — Sputnik. Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісі 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап белгісіз мерзімге жабылады.
Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінің жетекшісі Алмаз Малдыбаев жақын арада кинотеатрларда көрсетілетін фильм болмайтынын айтты. Қазақстандықтар премьераларды күтпесе де болады.
"Өкініштісі, Ресей арқылы жұмыс істейтін Голливудтың ірі компаниялары бізге кино ұсынудан бас тартады. 1 сәуірден бастап бізде көрерменге көрсететін фильм жоқ. Сондықтан Kinopark және Kinoplexx желісін 1 сәуірден бастап белгісіз мерзімге жабуға мәжбүр болдық", - деді Алмаз Малдыбаев.
Еске салсақ, Голливуд компаниялары өз фильмдерін Ресейде жалға беруден бас тартты. Мысалы, "Батмэнді" прокатқа беру процесі премьерадан бір күн бұрын тоқтатылды.