НҰР-СҰЛТАН, 6 наурыз – Sputnik. Қазақстандық спортшы Смайыл Дүйсебай Иранда өткен чемпионатта алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлады Қазақстан таеквондо федерациясының баспасөз қызметі.
5-6 наурыз аралығында Тегеранда таеквондодан рейтингілік Asian Taekwondo Clubs Championship жарысы өтті.
Жарыстың екінші күні даянгта өнер көрсеткен Қазақстанның ерлер құрамасы үш медаль еншіледі, оның ішінде бір алтын және екі қола медаль бар.
"87 келіде ел намысын қорғаған Смайыл Дүйсебай қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанса, 80 келідегі Нұрлан Мырзабаев пен 68 келінің өкілі Ерасыл Арапбай қола жүлдегер атанды", - делінген хабарламада.
Осылайша қазақстандық таеквондошылардың қоржынына клубтық Азия чемпионатының 9 медалі түсті: 1 алтын, 2 күміс және 6 қола.
Әйелдер командасы аталған турнирде жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды.
Нұрай Бауыржанова (49 келі) мен Жансель Дениз (73 келі) күміс жүлдеге қол жеткізсе, Айдана Еділбаева (46 келі), Рита Бакишева (46 келі), Әмина Нұрғазықызы (62 келі) мен Нұрай Құсайынова (67 келі) қола жүлде иеленді.