Экономика

Үкіметте санкциялардың Қазақстан қор нарығына ықтимал әсері талқыланды

АХҚО-ға қатысушы инвесторлар кетіп жатқан жоқ, деп мәлімдеді Келімбетов
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында Қазақстан қор нарығына батыстық санкциялар топтамасының ықтимал әсері мәселелері талқыланды, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Кеңес аясында "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) инвестициялық ахуалды жақсартудағы рөлі, қаржы орталығының қазіргі жай-күйі және Қазақстан қор нарығына батыстық санкциялар топтамасының ықтимал әсері мәселелері талқыланды.
"Бүгінгі таңда АХҚО экожүйесінде 1200 компания тіркелген, ресейлік компаниялар саны 5%-тен аспайды. АХҚО бірқалыпты жұмыс қарқынын сақтап отыр. Қатысушылардың кету жағдайлары байқалмайды", - деді АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов.
Ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне халықаралық салық салу мәселесін қосымша пысықтау тапсырылды.