Ресей Қазақстаннан келетін көкөністерге салынған шектеуді алып тастады

Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызмет қызанақ пен бұрыш кіргізуге рұқсат беріп отыр
Sputnik
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Ресейдің ауыл шаруашылығы саласындағы қадағалау мекемесі 5 наруыздан бастап тоғыз мемлекеттің көкөніс шаруашылығы өнімдерін кіргізуге рұқсат берді. Соның ішінде Қазақстан да бар.
Бүгіннен бастап Армения, Әзербайжан, Беларусь, Мысыр, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан мен Қазақстанның көкөністерін Ресей нарығына кіргізуге болады. Белгілі бір өндіруші компанияға енгізілген шектеулер де есепке алынбайды.
Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметтің мәліметіне сәйкес, Қазақстаннан қызанақ пен бұрышты импорттауға рұқсат берді. Бұдан бөлек, картоп, кәді мен баялдыны әкелуге болады.
"Осы елдердің өсімдіктерді қорғау және карантин жөніндегі ұлттық ұйымдардың ақпаратын талдау, сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Ресей Федерациясының фитосанитарлық талаптарды бұзбауға арналған шаралары негізінде тиісті шешім қабылданды", - дейді мекеме мамандары.