АЛМАТЫ, 5 наурыз – Sputnik. Алматы полициясы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағынның кіреберісіндегі гранит тақтайшаларды сындырып, саябақтың аты жазылған әріптерді ұрлап кеткендерді іздестіріп жатыр.
Күдіктілер 1941 жылы Мәскеуді қорғаған Кеңес одағы батырларының аты-жөні жазылған тақтайшаларды талқандаған. Алматы полициясы Гоголь мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында бұзақылардың мұндай әрекетті қашан жасағанын нақтыламады.
Полиция 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағында мемориалды қиратқандарды іздеп жатыр
© Sputnik
Алайда күдіктілер іздестіріліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне енгізіліп, Қылмыстық кодексінің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша тіркелген.
"Жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел іс-шаралар кешенін өткізу барысында қылмыстың мән-жайы мен кінәлі тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тартылады", - деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұл жағдай полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған. Сондай-ақ күдіктілерді ұстағаннан кейін қылмыстық кодекстің іске қатысты бабы қайта саралануы мүмкін.
Саябаққа барған Sputnik Қазақстан тілшісі паркке кірген жердегі әріптер ғана емес, орта тұсында мәңгілік алау жанындағы әріптердің де қолды болғанын анықтады. Ол жерде гвардияшыл-панфиловшылар монументі де бар. Қазақша жазылған естелік жазудан екі әріп ұрланған.
Сонымен қатар белгісіз біреулер 1941 жылы Батырлар аллеясындағы он беске жуық тақтайшаны сындырған. Алматы әкімдігі жағдайдан хабары бар екенін, жақында Батырлар аллеясы, тақтайшалар қалпына келтірілетінін хабарлады. Барлығы шамамен наурыздың аяғына дейін қалпына келтіріледі.