НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Көкшетауда белгісіз біреу қызғалдақ салынған қорапты ұрлап әкетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында жасалған қылмыс туралы полицияға сатушы хабарлады. Айтуынша, белгісіз ер адам 300 қызғалдақты қолды қылған.
"Сатушы қызғалдақтар солып қалмас үшін гүл салынған қорапты бірнеше минутқа далаға шығарған. Осы сәтте бутик маңынан өтіп бара жатқан қаскөй оны ұрлап әкеткен", - деп мәлімдеді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы аттанды. Полицейлер салон аумағын тінтіп, бейнекамераларды қарап шықты. Камералардың біріне жүріс-тұрысы күмән туғызатын ер адам түсіп қалған.
Қабылданған шаралар нәтижесінде тәртіп сақшылары жарты сағат ішінде 48 жастағы күдіктіні ұстады. Ер адам ұрланған гүлдерді қайда жасырғанын көрсетті.
Қазір бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы ("Ұрлық") бойынша сотқа дейінгі өндіріс басталды. Қызғалдақтар гүл дүкеніне қайтарылды.