НҰР-СҰЛТАН, 4 наурыз – Sputnik. ВТБ-ның халықаралық тобы Қазақстандағы еншілес банкіне барлық қажетті қолдау шараларын көрсетеді. Бұл туралы банктің бас кеңсесі мәлімдеді.
Ресми мәліметке сәйкес, ВТБ-ның бас компаниясы еншілес банкке қаржылай қолдау жасайды. Соның арқасында клиенттер алдындағы барлық міндеттеме орындалады.
"ВТБ Қазақстан резиденті және осы елдің заңнамасы бойынша жұмыс істейді. Клиенттер салған барлық қаражат банк бөлімшелерінде және қашықтан байланыс арналарында қолжетімді. Бәрін толық көлемде пайдалануға болады. Қазақстан территориясында кез келген операцияны жасауға болады", - делінген банктің ресми хабарламасында.
ВТБ (Казақстан) негізгі қаржы қызметтерінің барлық түрін ұсынып, клиенттер мен серіктестер алдындағы міндеттерін орындап жатыр.
Айта кетері, бұған дейін ВТБ (Казақстан) клиенттері VISA карталары бойынша онлайн-транзакция жасау жағынан қиындыққа тап болғанын айтты. Халықаралық төлем жүйесі санкцияларға байланысты ВТБ-мен ынтымақтастық байланысын тоқтатты. Банктің баспасөз қызметі VISA-дан ажырату клиенттер салған ақшаның сақталуына әсер етпейтінін мәлімдеді.