Тараз гарнизонында Бауыржан Момышұлына ескерткіш ашылды – фото

Sputnik
АЛМАТЫ, 4 наурыз – Sputnik. Тараз гарнизонында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына ескерткіш ашылды, деп хабарлады қорғаныс министрлігі.
"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған құрамасында Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлына ескерткіш ашылды. Салтанатты рәсімге қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.
"Бауыржан Момышұлы саналы ғұмырын Отан қорғауға арнаған өз елінің нағыз патриоты. Ол ұстанымына адал, өз ісінің шебері болған кісі. Аты аңызға айналған ұлы тұлғаның адамгершілік қасиеттері және оның еңбектері туралы көп айтуға болады. Жас ұрпақ Момышұлының ерлік жолын мәңгі есінде сақтап, оның өнегелі өміріне қарап бой түзері анық", - деді қорғаныс министрі.
Айта кетері, 2021 жылы бұл әскери бөлімге Бауыржан Момышұлының есімі берілген.
Кеңес одағының батыры, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег, тактик әрі жазушы Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен майор Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, жауға қарсы шайқасады.
Соғыста жүріп өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шығып, 5 рет жау қоршауын бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен дивизиясына аман-есен қосылады. Бауыржан Момышұлының тактик және стратег қасиеттерінің арқасында "ошақты", "икемді қорғаныс" деген жаңа ұғымдар қалыптасты.