НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Нұр-Сұлтан билігі қалада тұрғын үй құрылысына пайдаланылған мұнаралы кранның жұмысын тоқтатты.
Елордада қала әкімдігі, ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаменті және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың мамандары техникалық талаптарға сәйкес келмейтін мұнаралы крандарды тексеріп жатыр.
"Қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша құрылған жұмыс тобы аясында "Bai-Tursyn" тұрғын үй кешені салынып жатқан аумақта мұнаралы крандарға тексеру жүргізілді", - деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Мұнда 4 мұнаралы кран жұмыс істейді, тексеру кезінде біреуінің өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сай келмейтіні анықталды.
Осыған байланысты тиісті талаптар қамтамасыз етілгенге дейін аталмыш мұнара кранының жұмысы тоқтатылды.
Жұмыс тобы өзге де мұнаралы крандарды тексеру ісін жалғастыруда.
Ақпан айының соңында Нұр-Сұлтанда Тұран даңғылының бойындағы құрылыс алаңында кран құлап, техниканың 51 жастағы жүргізушісі көз жұмды.
Тағы бір қайғылы оқиға қаңтар айының соңында Алматыда болды. "Таугүл-1" шағын ауданындағы құрылыс алаңында кран құлап, 49 жастағы краншы мерт болды.