НҰР-СҰЛТАН, 3 наурыз – Sputnik. Kaspi bank қазақстандық бірқатар компанияның акциялары Лондон қор биржасында саудаға шығарылмайды деген желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.
Банктің баспасөз қызметі Kaspi акцияларының сауда-саттығы тоқтатылмағанын хабарлады. Қазір банктің бір бағалы қағазы 41,3 доллардан (20,8 мың теңге) сатылуда.
Бұған дейін желіде Лондон қор биржасы ресейлік компаниялардың бағалы қағаздарын саудалауды тоқтатқаны туралы ақпарат жарияланды. Бұғатталған компаниялардың тізімі FTSE IOB секторынан алынған, оған бірқатар қазақстандық ұйым да кіреді.
Сонымен қатар Halyk Bank акциялары бейсенбіде минус 29,3%-ке, бір бағалы қағаз үшін 6,08 долларға дейін, Қазатомөнеркәсіп минус 5,79%-ке, бір акция үшін 25,2 долларға дейін құлдырауын жалғастырып жатыр, деп хабарлады Finance.kz телеграм-арнасы.