АЛМАТЫ, 3 наурыз – Sputnik. Алматыда азық-түлік базарлары мен сауда желілеріндегі делдал қызметін тексеретін комиссия құрылды. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаевтың мемлекеттік органдар мен азық-түлік сауда нысандарының өкілдерімен кездесуі кезінде белгілі болды.
"Делдал сызбасын" тексеру жөнінде комиссия құру туралы шешім қабылданды. Комиссия аясында азық-түлік тауарларын өндірушілер мен жеткізушілерге сараптама жүргізу, қайта сатып алушылар тізбегін анықтау және тыю шараларын қабылдау қажет. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларына бақылауды күшейтіп, сауда үстемесінің 15%-тен асқаны анықталған жағдайда шара қолдану керек", - деді Ерболат Досаев.
Қала басшысының айтуынша, Алматы облысындағы әріптестермен бірлесе "Алтын Орда" базарында "делдал сызбасын" анықтау бойынша өңіраралық комиссия құрылады. Ол жерден мегаполиске 80%-ке дейін көкөніс, жеміс-жидек пен ет жеткізіледі.
Басты міндет – азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру және инфляциялық процестерді төмендету жөніндегі жұмысты күшейту. Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, қазір азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында аудан әкімдіктермен бірлесіп сауда желілерінің, базарлар мен "үй жанындағы" дүкендер сөрелеріндегі бағаға күнделікті мониторинг жүргізіліп жатыр.
Соңғы аптада көкөніс өнімдеріне бағаның ауытқуынан басқа бағасының күрт өсуі байқалмады. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін отандық тауар өндірушілермен жұмыс жүргізіліп жатыр. Тиімді тетіктердің бірі "жеңілдетілген" заемдар беру бағдарламасы, оның аясында өндірушілер мен сауда желілеріне бағаны ұзақ мерзімге белгілеу үшін пайызсыз қарыздар беріледі.
"Қазір осы бағдарлама аясында жұмыртқа өндіретін ірі "Алсад Қазақстан" ЖШС-мен келісім жасалды, 2024 жылдың 31 қаңтарына дейін өткізу бағалары бойынша он жұмыртқаның бағасы 400 теңге деңгейінде тіркелді. Он жұмыртқаның бағасы 487-ден 462 теңгеге дейін төмендеді", - делінген әкімдік таратқан ақпаратта. Жеңілдетілген заемдар сәуірдің соңына дейін бағаны тұрақтандыру үшін "Магнум" (5,7 миллиард теңге) және "Тоймарт" (430,2 миллион теңге) сауда желілеріне берілді. Сондай-ақ Ерболат Досаев басқа кәсіпкерлерге жеңілдетілген қарыз беретін қалалық бағдарламаға қатысуға шақырды.