АЛМАТЫ, 2 наурыз — Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігі республика бойынша азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесін тексерді.
Тескеру жұмысы 1 наурызда сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін жүргізілді. Халықты құлақтандыру бойынша барлық іс-шаралар кешені іске қосылды.
Министрлік 3 130 электр дабылы мен сиреналық-сөйлеу құрылғыларын іске қосылғанын атап өтті. Сондай-ақ, телерадио хабар тарату арналарын ұстап қалу, ведомстволық интернет-ресурстар және "Дәрмен" мобильдік қосымшасында ақпарат жариялау жұмысы жүргізілген.
Сондай-ақ, техникалық құлақтандыру құралдары жоқ елді мекендерде халықты хабардар ету мәселесі пысықталған.
Халықты құлақтандыратын азаматтық қорғау органдары мен полиция бөлімшелерінің сигналдық-дауыс зорайтқыш құрылғылармен жарақтандырылған қызметтік көліктерінің тізімі түзетілді.
Қалалардың кеңеюін ескере отырып, дыбыстық құлақтандыру тұрғындарды толықтай қамти алмайды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңа дабыл қағу құрылғыларын орнату және құлақтандыру жүйесін жаңғырту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Құлақтандыру жүйесін тексеру барысында жабдықтардың жұмысында іркіліс тіркелмеген. Министрлік жүйенің жұмысына қатысты анықталған ескертулер жабдықты өндірушілерімен бірге қаралатынын атап өтті.
1 наурызда Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні аясында елімізде азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі тексерілетіні хабарланған болатын.