НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Алматы қаласындағы президенттің қызметтік резиденциясы сүріледі.
"Қаңтар оқиғасы кезінде бұзақылар мен лаңкестер өртеп, қиратқан Алматы қаласындағы президенттің қызметтік резиденциясы сүріледі. Оның орнына қала тұрғындары үшін саябақ салынады", - деп жазды Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында.
Резиденция отқа оранды
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде президенттің бұрынғы резиденциясы отқа оранды. Бүлікшілер алдымен есік-терезені сындырған. Аулада тұрған көліктерді өртеп жіберген.
Президенттің резиденциясы астанаға ауысқаннан кейін ғимаратта ешкім отырмаған. Бұл нысан тарихи-мәдени есткерткіш болып саналды.
Құрылымдау және даму көпбейінді институты бүлінген нысанға техникалық тексеру жүргізгені хабарланған болатын. Институт сарапшылары қауіпсіздік пен жер сілкінісіне төтеп беруге арналған тіреуіш құрылымын ауыстыруға болады деген еді. Тіпті бірнеше компания қалпына келтіру жұмысын тегін жасап беруге дайын болды.
Мемлекет басшысы қалада болған кезде оның қатысуымен өтетін іс-шараларға Алматы қаласындағы резиденция ғана сай келетіні айтылды. Осыған байланысты ғимараттың қызмет бағытын өзгерту мәселесі қарастырылмайды, делінген еді бұған дейінгі ақпараттарда.