НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер бойынша тергеу неге ұзақ өтіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Неге ұзақ? Небәрі екі ай өтті. Бұл ауқымды теракт қой. Мыңдаған адам қатысты. Мұның бәрін егжей-тегжей дәлелдеу қажет. Адамға айып тағу үшін бүкіл айғақты жинау керек. Сол себепті бұл өте үлкен жұмыс. Мен бұл тез аяқталады деп ойламаймын", - деді Қошанов мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
Осы орайда спикер 2011 жылы екі теракт ұйымдастырып, 77 адамды өлтірген норвегиялық мерген Андерс Брейвиктің оқиғасын мысалға келтірді.
"Норвегиялық мергенді еске түсірейікші. Бәрі ап-айқын дәлелденді, бейнекамералардан көрініп тұрды, куәгерлер болды, ол да кінәсін мойындады. Бірақ соған қарамастан тергеу бір жылға созылды, тағы жарты жыл сот болды. Бір жарым жыл – бұл тек бір адамның қылмысы. Ал бізде мұндай ауқымдағы тәртіпсіздіктер елімізде болған емес. Сондықтан бұл өте үлкен жұмыс, онымен прокуратура мен құқық қорғау органдары айналысып жатыр", - деп түсіндірді мәжіліс төрағасы.
Қаңтар оқиғасы
Жаппай тәртіпсіздіктер биыл қаңтар айының басында болды. Тәртіпсіздіктер сұйытылған газ бағасының екі есе қымбаттауына қарсы жаппай наразылықтан басталды. 2 қаңтарда Жаңаөзен қаласында митингі өтіп, артынан Ақтау, Атырау және Қазақстанның басқа да қалаларында оларға қолдау білдірді.
Алайда бейбіт митингілер жаппай бүлікке ұласып кетті. Әсіресе одан Алматы қаласы қатты зардап шекті. 5 қаңтарда қарулы адамдар қала орталығын қиратып, қала әкімдігінің ғимараты мен жақын маңдағы президент резиденциясын өртеп жіберді. Полиция ғимараттарына, ҰҚК және басқа да әскери нысандарға шабуыл жасалды.
Талдықорған, Шымкент, Қызылорда, Тараз қалалары да зардап шекті.