НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Молекулярлық биология және биохимия институтының ғалымы Бақытжан Әлжанұлы I типті қант диабетін емдеуге арналған жасушалар ойлап тапты. Ол геномды редакциялау көмегімен жасалады, деп хабарлады Білім және ғылым министрлігі.
Зерттеуге сәйкес, бұл жасушаларды трансплантациялау ұйқы безіне инсулин өндіруге ғана емес, оның денедегі деңгейін реттеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта науқас пациенттердің безіне трансплантациялау жоспарланып отыр.
"Жасуша геномын өңдеу үшін қолданылатын CRISPR технологиясын пайдалана отырып, инсулин синтезіне жауап беретін ұйқы безінің жаңа жасушалық тізбегін жасадық. Алынған жасушалар ерекше сипатқа ие, яғни жарықтың әсерінен олар инсулин деңгейін жоғарылатуы немесе төмендетуі мүмкін. Негізгі мақсатымыз І типті қант диабетін емдеудің заманауи тәсілдерін табу болды. Атап айтқанда, өзінің табиғи инсулинін шығаратын жасушалық терапияны табу болды", - деді Әлжанұлы.
Қазіргі таңда әлемде І типті қант диабетін емдеу әдісі жоқ, пациенттер тек инсулин терапиясы бойынша емделеді. Әлемдік ғалымдар трансплантациялауға болатын жасушаларды әзірлеумен айналысып жатыр. Қазақстандық биотехнолог өз зерттеуін бұрын-соңды қолданылмаған бета-клеткаларды алу әдісі арқылы жасаған.
"Нәтижеге дифференциация және геномды редакциялау әдістерін біріктіру арқылы қол жеткіздім. Дифференциация - бұл ағзадағы кез келген органның жаңа жасушаларын алу үшін бағаналы жасушаларды материал ретінде пайдалану әдісі. Зерттеу кезінде бағаналы жасушалардан өңделген геномы бар ұйқы безінің жасушаларын алдық”, - деді ғалым.
ДНҚ-ны редакциялау әдісі - бұл гендік инженерия, ДНҚ-ның жеке құрылымдық элементтерін өзгерту.
"Зерттеу арқасында жасушалар инсулин деңгейін өз бетінше реттей алатын болды. Бұл - әлемде алғаш рет ойлап табылған әдіс", - деп түсіндірді зерттеу авторы.
Бақытжан Әлжанұлы ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2018 жылы Канадада бастаған. Былтыр оны еліміздегі М.А.Айтхожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институтының базасында сәтті аяқтаған. Қазір қолданыстағы хаттамаларды жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.